Жарияланған күні: 11.06.2018 14:42
Өзгертілген күні: 12.06.2018 08:57
Салық нысандары қатарына салықтық өтініштер де кіреді.
Салықтық өтініш Салық кодексінде белгіленген жағдайларда салық төлеушінің (салық агентінің) өз құқықтарын іске асыру және міндеттерін орындау мақсатында салық органына ұсынатын құжаты болып табылады. Салықтық өтініштердің нысандарын уәкілетті орган бекітеді. Салық кодексі талаптарына сәйкес салық өтініштері бес жылдан кем емес мерзімде сақталуы тиіс.
Салықтық өтініш салық заңнамаларында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық органдарына ұсынылады.
Салықтық өтініш тиісті салық органдарына таңдауы бойынша:
1) келу тәртібімен – қағаз жеткізгіште, оның ішінде «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы;
2) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы – қағаз жеткізгіште;
3) ақпаратты компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда ұсынылады.
«Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылатын салықтық өтініштердің тізбесін уәкілетті орган ақпараттандыру саласындағы уәкілетті органмен бірлесіп белгілейді.
Салықтық өтініш келу тәртібімен қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда, екі дана етіп ұсынылады, бір данасы салық органының белгісі қойылып салық төлеушіге (салық агентіне) қайтарылады.
Салықтық өтініштің электрондық форматының құрылымы, электрондық нысанда жасауға және ұсынуға арналған бағдарламалық қамтамасыз ету және осы бағдарламалық қамтамасыз етуді жаңарту уәкілетті органның интернет-ресурсына - есептік жылдың 1 қаңтарынан кешіктірілмей орналастырылады.