
Жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға (өз қызметін тұрақты емес немесе басқа жұмыстан босатылған негізде жүзеге асыратын мәслихат депутаттарын қоспағанда), мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға (Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе мәслихаттарының депутаттығына, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдігіне, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқарудың сайланбалы органдарына мүшелікке кандидаттарды қоспағанда), лауазымды адамдарға:
- егер шаруашылық етуші субъектіні басқару немесе басқаруға қатысу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, шаруашылық етуші субъектіні басқаруға өз бетінше қатысуға, мүліктік немесе өзге де игіліктер алу мақсатында өздерінің қызметтік өкілеттіктерін құқыққа сыйымсыз пайдалану арқылы ұйымдардың немесе жеке тұлғалардың материалдық мүдделерін қанағаттандыруға жәрдемдесуге;
- ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигацияларды, ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында коммерциялық ұйымдардың акцияларын (ұйымдардың дауыс беретін акцияларының жалпы санының бес пайызынан аспайтын көлемде жай акцияларды) сатып алуды және (немесе) өткізуді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметпен айналысуға;
- педагогтік, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметті, резервтегі әскери қызмет өткеруді қоспағанда, ақы төленетін басқа да қызметпен айналысуға тыйым салынады.
Медициналық әскери-есептік мамандыққа сәйкес келетін лауазымдарда келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер әскери қызмет міндеттерін атқаруға кедергі келтірмейтін ақылы медициналық қызметпен айналысуға құқылы.




























