
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мүлікке салынатын салықтар бойынша салық салу тәртібіне енгізілген өзгерістер мен нақтылаулар туралы хабарлайды. Бұл өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жеңілдетуге және салық жүктемесінің әділдігін арттыруға бағытталған.
Көлік құралдарына салынатын салық
Көлік құралдарын пайдалану мерзіміне байланысты төмендету коэффициенттері белгіленді:
– пайдалану мерзімі 10 жылдан асқан жағдайда 0,7 коэффициенті қолданылады;
– пайдалану мерзімі 20 жылдан асқан жағдайда 0,5 коэффициенті қолданылады.
Шаруа қожалықтары пикап автокөліктері бойынша көлік құралдарына салынатын салықты төлеуден босатылды.
Сондай-ақ көлік құралдарына салынатын салық бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу алып тасталды.
Жер салығы
Жер салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу алып тасталды.
Елді мекендердің шегінде орналасқан ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер бойынша жер салығын есептеу тәртібі нақтыланды.
Нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері үшін жер салығының мөлшерлемесін 40 есе арттыру көзделді.
Мүлік салығы
Егер салықтық міндеттемелер сомасы 300 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын болса, мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдерді есептеу жойылды.
Ғимараттар мен құрылыстар бойынша салық салу базасы бухгалтерлік есеп деректері негізінде, жүргізілген қайта бағалауды ескере отырып айқындалатын салық салу объектілерінің орташа жылдық баланстық құны болып белгіленеді.
Бұл ретте мүлікті қайта бағалау кемінде үш жылда бір рет жүргізілуі тиіс.
Аталған өзгерістер салық төлеушілерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға және мүлікке салық салу тетіктерін жетілдіруге бағытталған.




























