Date of publication: 08.06.2015 18:41
Date of changing: 16.06.2015 18:32

 

Астанада жыл сайын 100 кәсіпорын банкротқа ұшырайды

 

Бұл туралы бүгін Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінде өткен «дөңгелек үстелде» айтылды. Дөңгелек үстел жалған немесе әдейі банкроттық қылмыстарды анықтау мен жою тақырыбына арналды.

Елбасы Н. Назарбаев жалған банкроттықтың көмегімен бюджетке төленетін төлемдерден жалтару әрекетіне қарсы шара қолдану керектігін айтып жүр. 2014 жылдың 07 наурызында ҚР ПРезиденті Н.Назарбаев қол қойған «Оңалту және банкроттық» туралы Заңы Дүниежүзілік Банкінің арнайы қолдауымен біріккен экономикалық тексеру арқылы Қазақстандағы банкроттық жүйесінің реформалау  механизмінің нәтижесі болып табылады 

Бұл Заң борышқорлар мен кредит берушілер мүдделері негізінде анық және тиімді банкрот жүйесін қалыптастыру жұмысының жалғасы болып табылады.

Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Оңалту және банкроттық бөлімінің басшысы Асхат Мықитанның мәлімдеуінше, жыл басынан бері Астанада 29 мекеме әдейі және жалған банкрот белгілері бойынша тексерілуде.

«Астанада жыл сайын орташа алғанда жүз кәсіпорын банкрот болады. Оның 90 пайызында құжаттарын тапсырмайды, яғни мекемелердің құрылтайшылары мен басшылары өздерінің әрекеттерін жасыруға талпынады. Сол себепті біз қазіргі кезде бұндай фактілерді зерттеу бойынша экономикалық тергеу басқармасымен бірлескен шараларды атқарудамыз», - деді А.Мықитан.

Оның сөзіне қарағанда, биылғы бес айда 20 мекеме соттың шешімімен банкрот болды. «2012 жылы Астана бойынша 208  кәсіпорын, 2013 жылы - 126, ал 2014 жылы 93 мекеме банкроттыққа ұшырады. Осы көрсеткіштерге қарағанда, жыл сайын банкрот болатындар саны азайып келеді», - деді ол.

Қазіргі кезде жалған банкроттықты анықтау бағытында тиісті шаралар атқарылып жатыр. Қазір елорда бойынша 201 банкроттық үдерісіндегі кәсіпорын бар. Олардың қаржылық құжаттары тексеріліп, талдау жасалуда. Жыл басынан бері 29 мекеме бойынша әдейі және жалған банкрот белгілері бағытында экономикалық тергеу басқарамасына құжаттар жіберілді. Бүгінде бұл тұрғыда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.