
Бүгін Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінде «Түбіртек талап ет – сыйлық ұт» акциясының кезекті жеңімпазын марапаттау рәсімі өтті. Акцияның жетінші жеңімпазы Астана қаласының 22 жасар тұрғыны Данат Бақжанов атанды. Жеңімпаз Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары А.Иманғожиннің қолынан сыйлық алды.
Жеңімпаздың айтуынша, оның бұған дейінгі лотерея ойындарында жолы болмағандықтан, бұл жолы да жеңіске қатты үміттенбепті. Ол IT маманы бойынша білім алып жатыр, сондықтан ақпараттық технология әлеміндегі барлық жаңалықпен танысып, конкурстар мен акцияларға қатысып жүреді.
«Менің достарым маған «ашулы» шығар. Өйткені, мен бұл акция туралы достарымнан білген едім. Бірақ менің ғана жолым болды. Қыркүйек айынан бастап түбіртектерді жинап, жіберіп жүрдім. Қазан айында барлығы 500 түбіртек жібердім. Кез келген дүкен, кофейня, автотұрақ, жанармай бекеттерінде берілген чектерді сол сәтте телефоныма «Чек үшін сыйлық» деп сақталған номерге жіберіп жүрдім. Кеше «Чек үшін сыйлық» деп жазылып тұрған абоненттен қоңырау келіп түскенде қуанып кеттім, тіпті таң қалдым»,– дейді жеңімпаз.
Бұл айда бәйгеге тігілген сыйлық смартфон «LG» еді.
«Ұтысқа алған «LG» смартфонын анама сыйлаймын. Whats’upp арқылы хат алмасуды үйреніп, ол да акцияға қатысады. Ал менің қолданып жүрген телефоным кез келген заманауи студенттікі секілді – айфон. Енді келесі айда біз 500-ден көп түбіртек жолдайтын шығармыз», – деп бөлісті Данат.
Еске салайық, акцияның басты мақсаты – халықтың салықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық белсенділігін жоғарылату. Еске сала кетейік, бұл шараға кез келген елорда тұрғыны қатыса алады. Қараша – акцияның соңғы айы. Желтоқсан айында ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер Комитетінде қорытынды акция өткізіледі. Жылдың басты сыйлығы – автокөлік. Акцияға қатысу үшiн чектi суретке түсiрiп, WhatsApp мессенджерi арқылы +7 700 500 17 17 нөмірiне жiберу керек. Чек алынған дүкен міндетті түрде Астана қаласында болуы шарт. Әрбiр чекке бiрегей нөмiр берiледi, сол арқылы тұтынушылар бағалы сыйлықтар ұтысына қатысады.




























