
Бұл туралы Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінің басшысы Әбілқайыр Сқақов кедендік компаниялардың өкілдерімен және тауар импорттаушылармен кездесуде мәлімдеді. Ведомство басшысының айтуынша, жаңа жоба ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің қолдауымен осы жылдың 9 қарашасында өз жұмысын бастаған. Астана қаласы жобаны іске асырған алғашқы қала болып отыр. Тәжірибенің негізгі ерекшелігі кедендік рәсімдеу орталығының қызметкерлері түгел қызметтік орындарын босатып, әйелдерге ұсынды.
Қазіргі таңда кедендік рәсімдеу орталығы қызметкерлерінің 100%-ын нәзік жандар құрайды. Бұл бір жағынан гендерлік саясат. Жаңа қызметкерлер ҚР МКК адам ресурстары бойынша халықаралық дәрежедегі маманның психологиялық тестілеуінен өтті. Қызметкерлердің ұйымдастырушылық, әділдік және шынайылық қасиеттері ерекше назарға алынды, – дейді Ә.Сқақов.
Сыбайлас жемқорлық амалдарына жол бермеу мақсатында кедендік брокерлер мен орталық қызметкерлерінің арасындағы қызметтік емес қарым-қатынас қатаң бақылауға алынады. Осыған орай кедендік рәсімдеу залында жүргізілетін кез келген рәсім видеобақылауға жазылып отырады. Сонымен қатар қарауға дейінгі функциялар мен тауарды жеткізуді бақылау функциялары кедендік рәсімдеу орталығынан бөлініп, өзге басқармаларға берілді. Департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының қызметі орталық қызметкерлерін кәсіпкерлердің заңға қайшы келетін әрекеттерінен қорғауға бағытталған. Бұл елордалық жаңа орталықтың жаңа форматта қызмет етуіндегі басты жаңалық.
2015 жылдың 9 айында Астана қаласының импорты 15%-ға төмендеді, ал экспорт 65%-ға төмендеген. Астанаға әкелінген тауардың құны 2014 жылы 1,2 млрд АҚШ долларын құраса, 2015 жылы 1 млрд АҚШ долларына дейін түскен. Өткен уақыт аралығында сырттан әкелінген тауарлардан жиналған кедендік төлемдердің салығы 25,5 млрд.теңгені құрады.
Экспорттың басым бөлігі батыс өңірлерінен тасымалданатын мұнай және мұнай тауарларына тиесілі болып отыр. Мұнай тауарларын кедендік рәсімдеу шаралары Астана қаласындағы ірі мұнай компаниялары арқылы жүргізіледі.
Біз осы жылы энергобекеттерін орталықтандыру туралы ұсыныс білдірдік. Ұсыныс әзірге ҚР МКК қарауында. Мәселен, көмірсутекті экспорттау декларациясының өзіндік ерекшеліктері болғанымен, өзге тауарларды тасымалдаудан айырмашылығы жоқ. Қазақстандағы мұнай компанияларының біраз бөлігі Астана қаласы арқылы экспортталады. Бұл Астана қаласының ыңғайлы логистикалық аймақ болуы және құрылымды министрліктің Астана қаласында болуымен тығыз байланысты, – дейді Ә.Сқақов.
Сқақов Қазақстандағы кедендік рәсімдеу қалыптасқан «фэйс оф фэйс» классикалық бағыты бойынша жүзеге асып жатқанын айтты. Бірақ, әлемдік стандартқа сай болу үшін міндетті түрде электронды декларацияға көшу керектігін де айтты.
Электронды декларацияға көшу халықаралық саудада еркін айналымға ену үшін қажет екенін алға тартты. Астана қаласы халықаралық іс-шаралар қарсаңында алға үлкен мақсат пен жоспар қойып отыр. Басты мақсат – әлемнің дамыған 30 қаласының қатарына ену. Ол үшін бизнес-климат, қызмет көрсету саласы және кәсіпкерліктің дамуы жоғары деңгейде болуы шарт. Сондықтан мемлекеттік орган, бизнес, мемлекеттік орган мен кедендік брокерлер арасындағы байланыс орнатушы қызметкерлер өзгерулері керек, – деп қорытындылады Ә.Сқақов.
Кездесу барысында Департамент басшысы кедендік брокерлерді кедендік құжаттарды рәсімдеудің жаңа деңгейіне өтуге және жобаның толық іске қосылуына мұрындық болуға шақырды.




























