
1. Кеден қоймасы кедендік рәсімімен орналастырылған тауарларды сақтауға арналып арнайы айқындалған және жайластырылған құрылысжайлар, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктері) және (немесе) ашық алаңдар кеден қоймалары болып табылады.
Осы тараудың талаптары сақталған жағдайда экспорт кедендік рәсімімен орналастырылған Еуразиялық экономикалық одақ тауарларын сақтауға жол беріледі.
2. Кеден қоймасы Қазақстан Республикасының заңды тұлғасы кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілген күннен кейінгі күннен бастап құрылды деп есептеледі.
3. Кеден қоймасының жұмыс істеуі кеден қоймасының иесі кеден қоймалары иелерінің тізілімінен алып тасталған күннен кейінгі күннен бастап тоқтатылады.
4. Кеден қоймалары ашық немесе жабық типте болуы мүмкін.
Кеден қоймалары, егер олар кез келген тауарларды сақтау және тауарларға қатысты өкілеттіктері бар кез келген тұлғалардың пайдалануы үшін қолжетімді болса, ашық типтегі қоймалар болып табылады.
Кеден қоймалары, егер олар осы кеден қоймасы иесінің тауарларын сақтауға арналса, жабық типтегі қоймалар болып табылады.
Ашық типтегі кеден қоймасы үй-жайының бір бөлігі уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілмей, тауарларды уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Кеден қоймасы үй-жайының бір бөлігі тауарларды уақытша сақтау қоймасы ретінде пайдаланылған жағдайда, ол үй-жайдың қалған бөлігінен тұтас қоршаумен оқшаулануға тиіс.
4. Кеден қоймасы ретінде пайдалануға арналған немесе пайдаланылатын құрылысжайларды, үй-жайларды (үй-жайлардың бөліктерін) және (немесе) ашық алаңдарды орналастыруға, жайластыруға және жабдықтауға қойылатын талаптарды уәкілетті орган бекітеді.
Кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары
1. Кеден қоймасының иесі ретінде қызметті жүзеге асыруға үміткер заңды тұлғаны кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу шарттары мыналар болып табылады:
1) кеден қоймасы ретінде пайдалануға арналған және мынадай талаптарға сәйкес келетін құрылысжайлардың, үй-жайлардың (үй-жайлар бөліктерінің) және (немесе) ашық алаңдардың меншікте, шаруашылық жүргізуде, жедел басқаруда немесе жалға алынған болуы:
ашық типтегі қоймалар үшін – тәулік бойы режимде жұмыс істейтін, қойма аумағында күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен жабдықталған, көлік құралдарының (кедендік бақылауға жататын құжаттар, тауарлар мен көлік құралдары тұрған) аумаққа кіруін және аумақтан шығуын, адамдардың аумаққа және (немесе) үй-жайға кіруін және аумақтан және (немесе) үй-жайдан шығуын бақылау жүйелерінің болуы;
орналастырылатын тауарлар мен көлік құралдарының сипатына сәйкес келетін сертификатталған таразы жабдығын иелену, пайдалану және (немесе) оған билік ету құқығын растау, ал арнаулы сақтау орындарына газ орналастырылған жағдайда – тиісті есепке алу аспаптарының болуы;
техникалық жарамды кіреберіс жолдарының болуы;
электр жарығымен жарақтандырылған және тәулік бойы режимде жұмыс істейтін, күнтізбелік отыз күн ішінде болған оқиғалар туралы бейнеақпаратты қарауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін бейнебақылау құралдарымен жабдықталған, тауарларды жете тексеруге арналған орындардың, оның ішінде жабық алаңдардың болуы. Бұл ретте жете тексеру орны сары түсті бояумен немесе жабысқақ таспамен белгіленуге және бейнебақылау құралдары үшін көрінбей қалатын аймақтар (учаскелер) болмауға тиіс;
заңды тұлға кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілген кезде:
табиғи жолмен ағашты-бұталы және шөптесін өсімдіктер өскен аумақ учаскелерін қоспағанда, жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, және оның бетон, асфальт не өзге де қатты төсемі болуға тиіс;
аумақта қойма қызметіне қатысы жоқ ғимараттар (құрылыстар) мен құрылысжайлар орналаспауға тиіс;
жапсарлас тиеу-түсіру алаңдарын қоса алғанда, аумақ (бір немесе бірнеше қойма үй-жайлары мен алаңдар) біртұтас және бөлінбейтін кешен болуға, бір пошта мекенжайы бойынша орналасуға және бүкіл периметрі бойынша тұтас қоршауы болуға тиіс;
2) ашық типтегі кеден қоймаларының иелері ретінде кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілуге үміткер заңды тұлғалар үшін – басқа тұлғалардың сақтауда тұрған тауарларына зиян келтіру немесе басқа тұлғалармен жасалған сақтау шарттарының өзге талаптарын бұзу салдарынан басталуы мүмкін кеден қоймасы иесінің азаматтық жауапкершілігінің тәуекелін шартта белгіленетін сақтандыру сомасына сақтандыру шартының болуы;
3) аумақтық кеден органына өтініш берілген күнге кедендік төлемдерді, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждарын, өсімпұлдарды, пайыздарды төлеу бойынша белгіленген мерзімде орындалмаған міндеттің болмауы;
4) аумақтық кеден органына өтініш берілген күнге дейін бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілерінің болмауы;
5) электрондық шот-фактуралардың ақпараттық жүйесін пайдалану туралы шарттың (келісімнің) болуы.
2. Егер кеден қоймалары иелерінің тізіліміне енгізу туралы өтініш берілген күнге құрылысжайлар, үй-жайлар (үй-жайлардың бөліктері) және (немесе) ашық алаңдар жалға алынған болса, мұндай құрылысжайларға, үй-жайларға (үй-жайлардың бөліктеріне) және (немесе) ашық алаңдарға қатысты жалға алу шарты кемінде үш жыл мерзімге жасалуға тиіс.




























