Жарияланған күні: 30.06.2016 19:12
Өзгертілген күні: 30.06.2016 19:14

Елордада Кедендік рәсімдеу орталығы – республикамыздағы жаңа форматтағы тұңғыш кедендік қызметтер орталығы өз жұмысын бастады. Мұнда бір терезе және қолжетімділік принципі бойынша кедендік қызметтердің барлық түрі ұсынылады. Орталықтың ашылуына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков және Астана әкімі Әсет Исекешев қатысты.

Бұған дейін инфрақұрылыммен мәселелер туындап, сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қажетті жағдайлар жасалмаған болатын. Нәтижесінде, бизнеске көптеген ыңғайсыздықтар келтіріліп, кедендік рәсімдеуге 3 күнге дейін уақыт жұмсалатын. Бірақ қазіргі кезде жаңартылған Кедендік рәсімдеу орталығының арқасында бұл процедурадан 47 минутта өтуге болады. Салыстыру үшін, кедендік декларациялау ұзақтығының халықаралық стандарты - 1-3 сағат.

– Бұл нысан логистикалық орталықпен байланысты екендігімен бірегей. Кедендік рәсімдеу орталығы Астанаға жеткізілетін жүк көлемін ұлғайтады деп болжап отырмыз. Біздің пайымдауымызша, жүк айналымының көлемі 20% арттырады, нәтижесінде елордалық бюджет 25–30 млрд теңгеге өседі, – дейді ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет Ерғожин.

Орталықта кеден өкілдерінің, карантиндік және ветеринарлық қызметтің, техникалық реттеу және метрология саласының өкілдерінің, екінші деңгейлі банктердің, сақтандыру ұйымдарының және т.б. уақытша сақтау қоймалары орналасқан. Енді бұрын-соңды республикамызда аналогы болмаған қосалқы және логистикалық инфрақұрылым бірыңғай қызмет көрсету орнына шоғырланған.

Қазіргі кезде орталықты қалыптастырудың бірінші кезеңі аяқталды, екінші кезеңде кедендік рәсімдеу аймағы қосылады. 5 шілдеде орталыққа жаңа ақпараттық қамсыздандыруды орнату үшін БҰҰ миссиясы келеді. 2017 жылдың 1 шілдесіне дейін Кедендік-салықтық әкімшілендірудің автоматтандырылған жүйесі - «Астана-1» ақпараттық жүйесі барша республика бойынша енгізіледі.

Орталықты құру өзінің қолайлы орналасуының есебінен елордада көлік ағыны жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, барлық жасалған жағдайлар қалада бизнестің дамуына жаңа серпін береді, бизнес капиталының айналымын 2 есеге ұлғайтады, және транзиттік әлеуеттің өсімі мен сыртқы тауар айналымының 30 пайыздық өсімін қамтамасыз етпек.