Date of publication: 01.04.2024 17:55
Date of changing: 01.04.2024 17:56

Қол қою бонусы жер қойнауын пайдаланушының келісімшарт аумағында (жер қойнауы учаскесінде), сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен келісімшарт аумағы (жер қойнауы учаскесі) кеңейтілген кезде жер қойнауын пайдалану құқығын иелену үшін біржолғы тіркелген төлемі болып табылады.

Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын алу конкурсының жеңiмпазы болған немесе жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тiкелей келiссөздер негiзiнде жер қойнауын пайдалану құқығын алған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртiппен жер қойнауын пайдалануға арналған мынадай келісімшарттардың біреуiн:

1) барлауға арналған келісімшартты;

2) пайдалы қазбаларды өндiруге арналған келісімшартты;

3) бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшартты;

4) геологиялық зерделеуге арналған лицензияны;

5) жер қойнауының кеңістігін пайдалануға арналған лицензияны;

6) кен іздеушілікке арналған лицензияны жасасқан (алған) жеке немесе заңды тұлға қол қою бонусын төлеуші болып табылады.

Қол қою бонусын төлеу мерзімі басталатын күнтізбелік тоқсан қол қою бонусы бойынша салықтық кезең болып табылады.

Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, қол қою бонусы бюджетке салық төлеушінің тұрған жеріндегі салық төлеуші конкурс жеңімпазы деп жарияланған күннен немесе Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі тікелей келіссөздер хаттамасына қол қойылған күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей төленеді.

Қол қою бонусы бойынша декларацияны жер қойнауын пайдаланушы тұрған жерiндегі салық органына салықтық кезеңнен кейінгі екінші айдың 15-күніне дейiн тапсырады.