Date of publication: 15.01.2018 11:09
Date of changing: 18.01.2018 09:29

Қазақстан Республикасының Сауда қызметін реттеу туралы Заңының 31-1 бабына сәйкес сауда объектілерін, сауда объектілеріндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беруші дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар жалға беру (пайдалану) шарттарының тізілімін жүргізуге және оны салықтардың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган бекіткен тәртіппен, мерзімдерде және нысан бойынша мемлекеттік кірістер органдарына ұсынуға міндетті

Қазақстан Республикасының2015 жылғы 27 қазандағы № 364-V Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Кодексінің(Салық кодексі) «Жалға беру (пайдалану) шарттарының тізілімін белгілеу ерекшеліктері және оны ұсыну мерзімдері» 67-1-бабы 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілді.

Салық кодексінің 67-1 бабына сәйкес, жалға беру (пайдалану) шарттарының тiзiлiмi салық органына сауда объектiлерiн, сауда объектiлерiндегі, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын жалға (пайдалануға) беретiн салық төлеушi - дара кәсiпкердiң немесе заңды тұлғаның орналасқан орны бойынша есептi кезеңнен кейiнгi 31 наурыздан кешiктiрiлмейтін мерзімде табыс етiледi.

Дара кәсiпкерлер мен заңды тұлғалар сауда объектiлерiн, сауда объектiлерiндегi, оның ішінде сауда базарларындағы сауда орындарын күнтiзбелiк ай шегiнде күнтiзбелiк үш күннен асатын мерзiмге жалға (пайдалануға) берген кезде жалға беру (пайдалану) жазбаша шартын жасауға міндетті. Бұл ретте жалға беру (пайдалану) шартында:

      1) жеке тұлғаның-жалға алушының тегi, аты, әкесiнiң аты (ол болған кезде);

      2) жалға алушы – дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның толық атауы;

      3) жеке тұлғаның-жалға алушының жеке басын куәландыратын құжаттың нөмiрi мен күнi;

      4) жалға алушының сәйкестендiру нөмiрi;

      5) жалға беру (пайдалану) шартының нөмiрi (болған кезде) және жасасқан күнi;

      6) жалға берудің (пайдаланудың) басталу және аяқталу күні көрсетіле отырып, оның кезеңі;

      7) жалға беру төлемінің сомасы және (немесе) өтелетін шығыстар сомасы;

      8) сауда объектісінің, сауда объектісіндегі, оның ішінде сауда базарындағы сауда орнының мақсаты;

      9) сауда объектісінің, сауда объектiсiндегі, оның iшiнде сауда базарындағы сауда орнының орналасқан жері;

      10) шартқа сәйкес өзге де талаптар міндетті түрде көрсетілуге тиіс

Сауда объектiсi – құрал-жабдықпен арнайы жарақтандырылған, тауарлар сату кезiнде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын ғимарат немесе ғимараттың бiр бөлiгi, құрылыс немесе құрылыстың бiр бөлiгi, сауда базары, автоматтандырылған құрылғы немесе көлiк құралы;

Сауда орны – тауарлар сату кезінде тауарларды қоюға, көрсетуге, сатып алушыларға қызмет етуге және сатып алушылармен ақшалай есеп айырысуға арналған және пайдаланылатын құрал-жабдықпен жарақтандырылған орын;

Салық есептілігі нысандары (871.00 нысан) және оларды жасау қағидалары Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2014 жылғы 25 желтоқсандағы № 587 бұйрығына өзгерістермен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 8 тамыздағы № 432 бұйрығымен бекітілген.