Жарияланған күні: 30.10.2019 15:50
Өзгертілген күні: 30.10.2019 15:53
Кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер және тарифтік преференциялар «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 79-бабымен реттеледі.
Осы Кодексте кедендік төлемдерді, салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер деп: кедендік әкелу баждарын (тарифтік жеңілдіктер); кедендік әкету баждарын; салықтарды; кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі. Кедендік алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер деп тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер түсініледі.
Кедендік әкелу баждарын төлеу бойынша жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) беру жағдайлары және шарттары, сондай-ақ оларды қолдану тәртібі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Одақ туралы шарт) сәйкес айқындалады.
      Одақ туралы шарттың 43-бабына сәйкес кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі жеңілдіктерді (тарифтік жеңілдіктерді) кедендік әкелу бажының мөлшерлемесін төмендету түрінде беру жағдайлары мен шарттарын белгілеген кезде Комиссия осы Кодексте көзделгеннен өзге, өздері басталған кезде кедендік әкелу баждарын төлеу жөніндегі міндет тоқтатылатын және (немесе) кедендік әкелу баждарын төлеу мерзімі басталатын мән-жайларды айқындауға құқылы.
    Тауарларды кедендік декларациялау үшін кедендiк алымдарды төлеу бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ кедендік алымдар төленбейтін жағдайлар Кодекстің 80-бабына сәйкес белгіленеді.
       Салықтарды төлеу бойынша жеңілдіктер Қазақстан Республикасының салық заңнамасында айқындалады.
       Тарифтік преференциялар Одақ туралы шартқа және Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші тараппен, еркін сауда режимін қолдануды көздейтін халықаралық шарттарына сәйкес беріледі. Тарифтік преференциялар Комиссия айқындайтын жағдайларда және шарттар сақталған кезде қалпына келтіріледі.