Жарияланған күні: 01.02.2024 10:08
Өзгертілген күні: 01.02.2024 10:14

Мемлекеттік кірістер органдары 42 мемлекеттік қызмет көрсетеді, оның ішінде 25 - салық және 17 - кеден қызметтері, оның 90% - ы (38 қызмет) электрондық форматқа ауыстырылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясы барысында хабарлады. Бұл қызметтерді электрондық түрде: салық төлеушінің кабинеті, «электрондық үкімет» порталы, Е-лицензиялау, мемлекеттік органдар мен банктердің мобильді қосымшалары (eGov mobile, e-Salyq Azamat және Business, Kaspi, Halyk bank, Bank Center Credit, Home Credit Bank және басқалар) арқылы алуға болады.   Автоматтандыру саласындағы маңызды жетістік көрсетілген электрондық қызметтердің үлесін 99%-ға дейін жеткізу болды. Мысалы, салық есептілігінің 99,7%-ы электрондық түрде (12,5 млн есептілік) ұсынылады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстырудың арқасында еңбек ресурстары оңтайландырылды, қағаз құжат айналымы, көрсетілетін қызметті алушылардың уақыты және қаржылық шығындары қысқарды, тікелей байланыстар азайтылды және нәтижесінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері азайды. Электрондық қызметтерді одан әрі дамыту үшін мемлекеттік кірістер органдарының сервистерін (қызметтерін) банктердің (Kaspi, Halyk bank, Bank Center Credit 39 салық есептілігі), цифрлық платформалардың бағдарламалық интерфейстеріне енгізе отырып, олармен өзара іс-қимылды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде.