Жарияланған күні: 14.08.2015 16:55
Өзгертілген күні: 17.08.2015 16:30

«Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекеті заманауи озық технологияға көшті

 

Бүгін ҚР Мемлекеттік кірістер Комитетінің құрылғанына 1 жыл толуына орай Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінде «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің тұсаукесері өтті. 2014 жылдың 14 тамызында құрылған Мемлекеттік кірістер Комитетіне салық қызметі, кеден қызметі, қаржы полициясының экономикалық заң бұзушылықтарды анықтау, олардың алдын алу және болдырмау, сонымен қатар, «көлеңкелі» экономикамен күрес функциялары берілген болатын.

Бүгінгі таңда халықаралық сауда қатынастарында кедендік бақылауды әкімшілендірудің маңызы зор. Олардың ішінде негізгі фактор кедендік бақылау мен рәсімдеуді автоматизациялау үрдістері, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану болып табылады. Оларға электронды декларациялау, алдын ала ақпарат алу, электронды кезек алу жатады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен елордада «ЭКСПО-2017» ірі көлемдегі Халықаралық көрменің өтетіні белгілі. Үлкен шара аясында Астана қаласында экспорт-импорттық операциялар мен шетелдік капитал ағымдарының өсуі күтілуде. Сонымен қатар, көрмеге шет мемлекеттен әр саладағы бизнес өкілдері келеді. Осыған орай, ҚР мемлекеттік кірістер Комитеті басшылығының шешімімен барлық экспорт-импорттық операцияларға байланысты кедендік рәсімдеулер «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінде атқарылатын болды. 

ҚР Ұлттық кәсіпкерлер Палатасы жүргізген қоғамдық мониторинг нәтижесі көрсеткендей, әкімшілік тосқауылдарды анықтау мақсатында және мемлекеттік қызмет көрсету саласында рәсім бұзушылықтарды анықтау кезінде Сыртқы Экономикалық Қызмет қатысушылары электронды декларациялаудың жоқ болуына байланысты шағым білдірген. Соның әсерінен кедендік рәсімдеу шаралары да көп уақытты алған.

«ЭКСПО-2017» ауқымды шарасын өткізу үшін мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту керек. Осыған орай, Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті қызметкерлері мемлекеттік қызмет көрсету спасын жақсарту мақсатында «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінде қызмет көрсету сапасын жақсартуға қатысты бірқатар жұмыстар атқарды.

Қазіргі таңда аталған кеден бекетінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Кәсіпкерлердің елде кәсібін жүргізуге кедергі келтірген қоршаулар алынып тасталып, бекет залына жаңа жиһаздар орнатылды. Бекет ішінде ілінген ақпарат бұрыштарынан кез келген ақпаратты алуға болады. Кезекке тұру да электронды түрде жүзеге асады. 

Осылай, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрме қарсаңында «Астана – кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің қызметкерлері сыртқы сауда операцияларын  оңтайландыру және бизнес-қауымдастықпен ынтымақтастық орнатып, бизнес өкілдерінің сенімінен шығу мақсатында кедендік әкімшілендіру үрдістерін оңтайландыруда.