Жарияланған күні: 12.08.2015 12:48
Өзгертілген күні: 13.08.2015 18:24

Бүгін Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаментінде жыл басынан бері өткізіліп жатқан «Түбіртек талап ет – сыйлық ұт» акциясының төртінші жеңімпазына сыйлық табыс етілді. Акция халықтың салықтық сауаттылығын арттыру мен азаматтық белсенділігін жоғарылату мақсатында өткізіліп жатыр.

Құрмет грамотасы мен бағалы планшетті Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті басшысының орынбасары А.О.Иманғожин табыс етті. Бұл жолғы жеңімпаз бала күтуге орай демалыста отырған жас ана Абза Құлетеева болды. Жеңімпаздың айтуынша, ол әрбір чекті жіберген сайын, жеңіске сенімді болған.

Абзал Құлетеева бағалы сыйлықтар ұтыс ойыны туралы бір ай бұрын ғана интернеттен біліпті. Осы бір айдың ішінде 1500-ге жуық түбіртек суреттерін жіберген. «Мен қазір кішкентай баламмен үйде отырмын. Қолым бос болғаннан ба, осындай ұтыс ойындарына жиі қатысатын болдым. Интернеттен тағы да қызықты акцияның өткізіліп жатқаны туралы хабарды оқыдым. Компьютер жеңіп алған жас қыздың суретін көріп, менің де осындай гаджет ұтқым келді. Сөйтіп, акцияның талаптарымен таныстым.

Абзалды акцияның талаптары қызықтырыпты: «Конкурс талаптары мені аздап таң қалдырды. Өйткені, талаптар өте жеңіл әрі қарапайым. Whatsapp арқылы түбіртек суреттерін жіберген өте ыңғайлы. Тіпті қызықты! Туысқандарым мен достарыма сауда жасаған жерлерінде түбіртек талап етіп, маған әкеп берулерін өтіндім. Сөйтіп, шілде айында барлығы 1500 түбіртек суретін жіберіппін. Жолдасым күліп, пайдасы жоқ лотореяға алданып отырғанымды айтатын. Әйтсе де, мен түбіртек жіберуді жалғастыра бердім.

Жеңімпаз сыйлыққа өзімен бірге алып жүруге болатын шағын компьютер алғысы келген. «Мен белсенді интернет қолданушысымын. Жас ана үшін интернетте пайдалы кеңес өте көп. Сондықтан бүгін сыйлыққа алған планшет – менің қалаған сыйлығым».

«Жеңіске жетем деп сену керек! Сол кезде міндетті түрде келеді», – дейді сыйлық мен құрмет грамотасын алған Абзал. «Міне, жеңіс менің ауылыма да келді. Мемлекеттік кірістер Департаментінен хабарласқанда, біз отбасымызбен қатты қуандық. Енді бұдан да көп түбіртектер жіберемін деп ойлаймын. Жылдың ең бағалы сыйлығы автомобильді ұтқым келеді. Енді менің туыстарым мен құрбыларым түбіртектерін маған бермей, өздері жіберетін шығар?! Олар да сыйлық ұтқысы келеді....»

Еске сала кетейік, бұл шараға кез келген елорда тұрғыны қатыса алады. Акцияға қатысу үшiн чектi суретке түсiрiп, WhatsApp мессенджерi арқылы +7 700 500 17 17 нөмірiне жiберу керек. Чек алынған дүкен міндетті түрде Астана қаласында болуы шарт. Әрбiр чекке бiрегей нөмiр берiледi, сол арқылы тұтынушылар бағалы сыйлықтар ұтысына қатысады.