Жарияланған күні: 04.11.2019 12:08
Өзгертілген күні: 04.11.2019 12:13
Патент негізінде арнаулы салық режимін шағын бизнес субъектілері үшін белгіленген шарттарға сай келумен қатар:
     1) жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;
      2) қызметiн жеке кәсіпкерлiк нысанында жүзеге асыратын дара кәсiпкерлер қолдануға құқылы.
Патент негiзiндегі арнаулы салық режимiн қолдану үшiн тұрған жеріндегі салық органына патент құнының есеп-қисабы (бұдан әрi– есеп-қисап) ұсынылады. Есеп-қисапты қағаз жеткізгіште немесе электрондық нысанда, оның ішінде "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы:
      1) жаңадан құрылған дара кәсіпкерлер – Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында айқындалған тәртіппен дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою үшін хабарлама берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей;
      2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіптен немесе өзге де арнаулы салық режимінен ауысуды жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер – патент негізінде арнаулы салық режимі қолданылатын айдың 1-күніне дейін;
      3) кезекті патентті алу үшін патент негізіндегі арнаулы салық режимін қолданатын дара кәсіпкерлер – алдыңғы патенттің қолданылу мерзімі немесе салықтық есептілікті табыс етуді тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін ұсынады.
Есеп-қисап патенттің құнын есептеуге арналған салықтық есептілік болып табылады.
Патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1 пайыз мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.
 Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1 пайыз мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2 пайыз мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.